-A A +A

Тарих

Әділет органдарының құрылу тарихы
 
Қазақстан Республикасының әділет органдары Қазақстан Кеңестік Социалистік Республикасы ірге көтеріп, қаз тұра бастаған сәттен, тәуелсіздік туын көтерген, бүгінгі күнімізге дейін өркениетті құқықтық мемлекетке жүктелетін міндетті абыроймен атқарып келеді. Әділет органдарының 90 жылдық тарихы халық тарихының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Халық Комиссарлары Кеңесінің 1919 жылғы 10 шілдедегі Декретімен Қырғыз өлкесін басқаратын Қазақстан Кеңестерінің съезін шақырғанға дейін уақытша орган - әскери-революциялық комитет құрылып, өлкенің әскери-азаматтық жоғары басқару билігі осы комитеттің қолына берілді. 1919 жылғы 30 қыркүйекте Кирревкомның юстиция (әділет) бөлімін құру туралы қаулысы қабылданды. Әділет органдары алғаш іске кіріскен сәттен-ақ өздерінің басты міндеті «юстиция» сөзінің грек тілінен аударғандағы ұғымына сай әділеттілікті орнықтыру деп білді. Сол жылдарда орталық юстиция бөлімі құрамына сот тергеу, әкімшілік-шаруашылық, заңдық болжам, жазалау және нотариат бөлімшелері кірді. Кирревкомның 1920 жылғы 30 шілдедегі қаулысымен орталық юстиция бөлімі өлкелік юстиция халық комиссариаты болып құрылды, ол заң шығарушы, нұсқау беруші, хабардар етуші және барлық әділет органдарын біріктіруші орган болды және оған бүкіл республика аумағында сотқа қатысты істі басқару мен жетекшілік жасау міндеті жүктелді. Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағатында 1918-1925 жылдар аралығын қамтитын кейбір құжаттар сақталған. Мысалы, мұрағатта жұмысшылар, солдаттар, шаруалар және мұсылман депутаттары Кеңесінің Ақтөбе атқару комитеті жанындағы уездік юстиция Комиссары шақырған сот комиссиясының бірінші мәжілісін өткізу жайлы құжаттары бар. Мәжіліс 1918 жылғы 29 сәуірде юстиция комиссары И.Рыщановтың төрағалық етуімен өткен және онда «1917 жылғы 24 қарашадағы сот туралы декретті шұғыл түрде жүзеге асыру» мәселесі қаралып шешілген. 1918 жылғы қыркүйекте юстиция комиссары Қ. Айтмұхамедов Ақтөбе уездік атқару комитеті алдына бітістіруші соттар институтын жергілікті соттарға ауыстыру жөнінде мәселе қояды.
1918 жылғы 2 қазанда юстиция комиссары Қ. Айтмұхамедов Ақтөбе қаласы және уезі Кеңес депутаттарының атқару комитетіне Ақтөбе уезі аймағында соттар құрудың қажеттілігін айтып өтініш жазған. 1918 жылғы 7 қазанда уездік юстиция комиссары Ақтөбе уезі шегінде уақытша қысқартылған сот құрылымы жайлы Ереже әзірлеген. Уездік юстиция бюросының құрамы жөніндегі табылған құжаттар бойынша, бірінші бюро құрамына мыналар кірген: Игнатовский, Михайлов, Әлмұхамедов, Арынғазиев, Құлымбетов. Уездік юстиция бюросы губерниялық юстиция бөлімі толықтай құрылғанға дейін күнделікті заң мәселелерін шешу үшін құрылған және ол қызмет істеп тұрған бюро құрамымен есептесуге құқылы болған.
1920 жылғы 20 қыркүйекте Кеңестердің Губерниялық съезі өтіп, онда губерниялық сот төрағасы мынадай баяндама жасаған: «Халық соттарының Кеңесі губернияның жоғары сот органы ретінде 1921 жылғы 25 қыркүйекте төрт бөлімшелерімен бірге құрылып, және 1922 жылғы 1 қаңтар қарсаңында оның губерния бойынша ұйымдастыру жұмыстары аяқталған. Халық соттары Кеңесімен 24-сот, 6 тергеу учаскелері және нотариалдық бөлімшелері ашылған. Губерния бойынша ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, халық соттары кеңесі өз алдына мынадай – революциялық заңдылықты өмірге енгізу үшін күрес жүргізу мақсатын қойды. Ақтөбе облысын жайлаған аштық ахуалдан қылмыс жасаушылық шектен тыс өсіп кетіп, нәтижесінде қылмыспен күресу жұмысы өте қиындап кеткен. Әсіресе, ұрлық кең етек алған. Қылмыстың белең алуы сот және тергеу органдарынан, сол сияқты милиция органдарынан, аса жігерлі әрі қызу жұмыс жүргізуді талап етті. Біздің губернияның көптеген жерлерінде аштықтың салдарынан сот шешімінсіз, заңсыз өз бетінше жаза қолдану жағдайлары болған...» 1925 жылғы 23 наурызда Ақтөбе губерниясы сот қызметкерлерінің съезі өткен. 1925 жылға арналған губерниялық сот төрағасының баяндамасынан мыналар байқалады «пролетар революциясының жеңістерін қорғау мақсатында және еңбекшілердің құқықтарын қорғауда Ақтөбе губерниясында сот құрылысы туралы ереже негізінде құрылған төмендегідей сот-тергеу органдары істеуде: а)губерниялық сот ретіндегі 1-ші және 2-ші сатылы сот, сондай-ақ әкімшілік органы ретінде бастапқы сот ұйымдары – халық соты қатысушылары; ә) халық соты; б) тергеу учаскесі». Ақтөбе губерниялық соты 7 судьядан тұратындығы байқалады. 1946-1949 жылдарда Қазақ КСР атқарушы билік органдарын қайта ұйымдастыру жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 21 одақтық-республикалық министрлік құрылды. Олардың қатарында Қазақ КСР Юстиция министрлігі де болды. 1946 жылдан бастап Юстиция халық комиссариаты Қазақ КСР Юстиция министрлігі деп аталды. 1960 жылдары Әділет министрлігі сот, нотариат, халық шаруашылығы саласының құқықтық жұмыстарына әдістемелік басшылық жасап, құқықтық насихат жұмыстарының ұйымдастырылуына басшылық етті. Әділет органдары өздеріне жүктелген заңнама актілерінің жобаларын дайындау, заң жүйелілігі және заңдар жинағын дайындап басып шығару сияқты күрделі міндеттерді атқарды.
1971 жылы Ақтөбе әділет бөлімі құрылып, 1971-1974 жылдары аралығында А.Д. Оразғалиев басқарды. Одан кейінгі жылдары әділет органдары қызметін төмендегі азаматтар басқарған: К.Д.Жарылқасымов (1974-1978 ж.ж.); Б.Б.Кішібаев (1979-1982 ж.ж.); М.Ш.Бисеналин (1982-1986 ж.ж.); Т.А.Ахметов (1986-1989 ж.ж.); Н.И.Мамонтов (1989-1991 ж.ж.); К.И.Махамбетов (1991-1994 ж.ж.); С.Ж.Барышев (1994-2007 ж.ж.); А.О.Тұрғанбаев (2007-2008ж.ж); Ә.М.Мұхитова (2008-2010 ж.ж); А.Е.Әшіров (2010-2012 ж.ж.), Т.Ш.Исабеков (2012-2015 ж.ж.).
Қазіргі таңда Ақтөбе облысы Әділет департаментінің басшысының қызметін Гүлмира Болатқызы  Тұрлыханова атқарады.
Әділет департаментіне Ақтөбе қаласының Әділет басқармасы мен 13 аудандық әілет басқармалары бағынысты. Әділет департаментінің штаттық кестесіне сәйкес, Ақтөбе облысының Әділет департаменті мен аудандық (қала) әділет басқармаларында мынадай бағыттарда қызмет ететін 143 мемлекеттік қызметші жұмыс жасайды. Бағыттары:
- персоналмен жұмыс және ішкі қауіпсіздік;
- бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету;
- ұйымдастыру-талдау жұмысы;
-  қаржы және материалдық-техникалық;
- заңды тұлғаларды тіркеу жұмысын ұйымдастыру;
- жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу жұмысын ұйымдастыру;
- азаматтық хал актілерін тіркеуді және апостильдеуді қамтамасыз ету және бақылау;
- құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету;
- зияткерлік меншік құқықтары;
- нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу;
- атқару өндірісін қамтамасыз ету;
- сот орындау.  

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі №1009 «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қаулысына сәйкес  Әділет департаментіне Ақтөбе облысының Сот актілерін орындау департаментін қосу жолымен біріктірілді.

Қазақстан Республикасының әділет органдары өзінің құрылған күнінен бастап ел ішіндегі ірі тарихи оқиғаларына қатысып, қоғам өмірінің саяси, құқықтық және элеуметтік-экономикалық қалыптасуына өз үлесін қосып келеді.